Search
Close this search box.

Жұмабеков Қабиден Әкімбекұлы (1924-2014)

Қабиден Әкімбекұлы Жұмабеков, 1924 ж. Павлодар облысы, Ақсу ауданы Сынтас ауылдық кеңесінің №6 ауылында туған. 1942 жылға дейін ата-анасының жанында болып, Майқайың орта мектебінде білім алған.

1942 жылдың 26 тамызында Баянауыл аудандық әскери комиссариатынын Кеңес Әскері қатарына шақыртылып, Б.М. Шапошников атындағы Тамбов соғыс-жаяу әскери училищесіне курсант ретінде жіберілді. Әскери борышын өтеп жүрген кезде 1943 жылдың 31 қаңтарында дабыл бойынша бүкіл училище аяққа тік тұрғызылып, барлық курсанттар санөңдеуден өткізілді де, жаңа киім киіндіріп, шынайы қару беріп, майданға жөнелтілді.

Жол-жөнекей барлық курсанттарға кіші лейтенант әскери атағы берілетіні туралы хабарланды, погондар мен жұлдызшалар таратылып берілді. Ақпан айының аяғында оларды Сталинград облысының Уразово станциясына түсіреді де, 94 гвардиялық дивизиясының әскери бөлімшелеріне бөледі. Қабиден аталмыш дивизияның 274 полкына жіберілді, оларға біздің Дала майданы әскерлерінің қоршауында қалған фон Паулюстің 6-шы әскерінің фашистік жауынгерлерін жою тапсырылды.

Сталинград түбіндегі фашист әскерлерін жойғаннан кейін, оларды Курск-Фролов бағытында немістерге төтеп беруге дайындады.

Міне, 1943 жылдың 5 шілдесінде таң сәріде немістер шабуылды бастап кетті. Көптеген танктер, артиллериялық қарумен біздің қорғаныс шебімізді бұза бастады. Фашист басқыншыларымен бұрын-соңды болмаған қанды шайқас басталды. Алғашқы күндері фашистер жекелеген жерлерде біздің қорғаныс шебімізді бұзды, біздің жауынгерлер көптеген шығындармен қосымша қорғаныс шебіне дейін кері шегінуге мәжбүр болды. Бұл сәтте 5-танкілік Ротмистров әскері көмекке келді де, фашистермен шешуші шайқас басталды. Әсіресе, Прохоровка ауылы ауданында біздің әскерлер жеңіске жетіп, фашистерге қатты соққы жасады, бұдан кейін жау танк, адам жағынан да көп шығынға ұшырап, кері шегінді. Біздің әскеріміздің осы бір адам айтқысыз шайқастарының нәтижесінде алдымен, Белгород қаласы және оған жақын маңдағы бірнеше елді-мекен, содан кейін Харьков, Полтава, Знаменка жаудан босатылды. Днепрден соғыса өтіп, тек қана Кировоградтың түбінде қорғаныс шебін құрды. Белгород түбіндегі қанды шайқаста Северный-Донец өзенінің жағасында Старый және Новый- Оскол деревняларының шекарасында Қабиден жарақат алып, эвакогоспитальға түсті, онда бір ай емделіп, офицерлік құрам резервінің 147 -қосымша майдан полкіне жіберілді. Одан ол 44623 әскери бөлімшесіне тағайындалды.

Бұл 2-Украин майданының 15-ші жеке айып батальоны еді, мұнда кіші лейтенанттан бастап полковникке дейінгі офицерлер ғана жазасын өтейтін.

Бөлім командирінің бұйрығымен ол есепке алу жөніндегі штаб басшысының көмекшісі болып тағайындалды (ПНШ-4). Штат кестесі бойынша батальонда 32 сержант пен қатардағы жауынгер және 56 офицер, барлығы «тұрақты құрамда» 88 адам әскери қызмет атқарды.

Айып батальонына түскен офицерлер «ауыспалы құрам» аталып, мұнда болған уақытына олар қатардағы жауынгер болып саналатын, кінәсін өтеу үшін ең қиын соғыс учаскелеріне жіберілетін.

Жедел әскери әрекет жасау үшін батальон майдан басшылығының тапсырысымен әрекет етуші майдан әскеріне берілетін. Соғыс қимылдарына қатысып, тірі қалған және жаралы «айыптыларға» бұрынғы атақтары қайтарылып, одан әрі қызметін жалғастыру үшін майданның кадрлар бөліміне жіберілетін. Қабиден Әкімбекұлы осы әскери бөлімде соғыс аяқталғанға дейін қызмет етті.

1944 жылдың басында Кеңес әскерлері шабуылға шығып, олардың біраз бөлігі Кировоград түбіндегі Червонный-Яр ауылына орналасты. Кировоград қаласына бірінші болып кіріп, 1944 жылдың 8 қаңтарында қаланы толықтай жаудан тазартты. Первомайск қаласына қарай бағытталған шабуылды жалғастырып, 22 наурыз күні бұл қаланы да фашист басқыншыларынан азат етті.

Содан соң, біраз тыныштықтан кейін, 1944 жылдың 20 тамызында Яссы-Кишинев бағыты бойынша шабуыл басталды. Бұл қалаларды азат етіп, 1945 жылдың 30 наурызында Грон және Нитра қалаларынан өтіп, шекарадан асты, Комарино, Невы-Замки қалаларына жетті.
1945 жылдың 6 мамырында Берлин қаласынан 62 км жердегі Айбешталь қаласында Жұмабеков Қабиден фашистерге соңғы рет оқ атып, соғысты аяқтады.

Жұмабек Әкімбекұлы «Красная звезда», «За боевые действия на Курск-Орловском сражении» ордендерімен мараптталды және Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннен бес алғыс хат алды. Ол хаттар 1944 жылы 8 қаңтарда Кировоград қаласы, 1944 жылы 22 наурызда Первомайск қаласы, 1944 жылы 26 тамызда Яссы қаласы, 1945 жылы 30 наурызда Комарино, Невы-Замки қалалары үшін шайқасқаны, Грон және Нитра өзендерін соғыса өткені, 1945 жылдың 4 сәуірінде Братислава қаласын фашистер- ден құтқарғаны үшін берілді.

Фашистер Германиясы тізе бүккеннен кейін олардың оккупациялық әскерлер құрамындағы әскери бөлімі Чехословакияның Есеница қаласына орналасты. 1945 жылдың тамызында 44623 әскери бөлім негізгі миссиясын орындап болды деп танылды. Жұмабеков Қ.Ә. одан әрі әскери қызметін Мәскеу округтік әскери пунктінде есепке алу бөлімінің іс жүргізу меңгерушісі ретінде жалғастырды. 1946 жылы Кеңес әскері қатарынан босатылды.

Қабиден Әкімбекұлының бейбіт өмірдегі қызметі 1946 жылдың сәуір айында Павлодар облыстық атқару комитеті аппаратында басталды. Алдымен облыстық атқару комитеті төрағасының қабылдау меңгерушісі, содан кейін өнеркәсіп және көлік бөлімінің референті болып жұмыс істеді. 1947 жылдың сәуір айында ұйымдастырушылық-нұсқаушы бөлімнің меңгеруші қызметіне ауыстырылды және 1951 жылы Республикалық екі жылдық партия мектебіне жіберілді, оны 1953 жылы бітірді.

Партия мектебін бітіргеннен кейін, алдымен Май аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, содан кейін Лозов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1956 жылдың шілдесінде Галкин ауданының атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, ол Шарбақты ауданымен біріктірілгеннен кейін, Шарбақты ауданының біріккен атқару комитетінің төрағасы болды. Бұл қызметте 1959 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеді.

1959 жылдың желтоқсанынан зейнетке шыққанға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында түрлі басшылық, лауазымдық қызметтер атқарды: 1959-1978 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бірінші орынбасары және бастығы, 1978-1985 жылдары яғни зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін, Павлодар облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және сапасы жөніндегі Бас мемлекеттік инспектор болып еңбек етті.

Қабиден Әкімбекұлы 1965 жылы Мәскеу тамақ өнеркәсібі институтының экономика және ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, қайта өңдеу және шикізатты ұйымдастыру факультетін, ал 1976 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Тимирязев академиясы жанындағы ауыл шаруашылығын басқарудың Жоғары мектебінің жылдық курсын Мәскеу қаласында бітірген.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1974 жылғы 12 наурыздағы жарлығымен оған «Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген құрметті қызметкері» құрметті атағы берілді. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен үш рет марапатталды. Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен, Халықтар Достығы орденімен (5 орден), 17 медальмен, соның ішінде «Германияны жеңгені үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», сондай-ақ «Украинаны азат еткені үшін» төрт жауынгерлік орденмен марапатталған. Қабиден Әкімбекұлы төрт бала өсіріп, тәрбиеледі.

Көп әлі алар белесің

(Соғыс және еңбек ардагері
Қабиден Әкімбекұлы Жұмабековтың
85 жасқа толуына орай)

Сөз тартып сырлассаң, көнілің толғандай,
Тарихты талдайды еш жаннан қорғанбай.
Аштықты, соғысты басынан өткерген,
Сөйлейді әлемді аралап болғандай.

Ойының өрісі телегей теңіздей,
Ақылы даналық сезімнің көзіндей.
Білмейтін ілімі жоқ па деп қаласың,
Қабаң да Фараби атаның өзіндей.

Жастарға берерлік тәлімі өнеге,
Бастауы білімнің шежіре, көнеде,
Алаштың ардағын аңсаумен жырлайды.
Еңбегін ерлердің көтеріп төбеге.

Менмін деп еш жанға көтермей кеудесін.
Құрметпен сыйлаған елінің пендесін.
Сексен бес жасыңда тасқында қуатты,

Қабаңның, өз басым, көрмедім теңдесін.

Алатын қамалдай көп әлі белесің,
Көрмеген еліңнің жеңісін көресің,
Сіздердей қажырлы асылдар барында,
Арманға жетерлік еліме сенесің.

Мэлс Әміржанов
Зарегистрируйтесь, чтобы опубликовать страницу!
Сайтқа бетті жариялау үшін тіркеліңіз!