Жұмабаев Қапкен Бисембайұлы — соғыс ардагері. Ол 1909 жылы Новосібір облысында туған. Бұл жерге оның әке-шешесі қазіргі Павлодар облысы Ақсу ауданынан мекен аударған. Қапкен Бисембайұлы он жасынан бастап жұмысқа араласып, Сорокин атты кулактың малын баққан.
1931 жылы өз еркімен Қызыл әскер қатарына барады. 1932 жылы оны полк мектебіне оқуға жібереді. Бұл мектепті Қапкен Бисембайұлы үздік бітіріп, байланыс батальоны взводының командирі болып тағайындалады. Сөйтіп, оның әскери өмірі басталады. Осы жылдары ол жоғары партия мектебінде білім алады.
Демобилизациядан кейін өз ауылына оралады, ауылдық кеңесті басқарады, колхоз басқармасы болады. 1938 жылы Коммунистік партияға мүшелікке өтеді.
1941 жылы сұрапыл соғыс басталғанда, Қапкен Бисембайұлы майданға аттанады. Осы жылы командирлер курсына оқуға барып, оны бітіргеннен кейін лейтенант шенін алады. Ол маршал Рокоссовский басшылық еткен Екінші Белорусь майданының құрамында шайқасқан. Майданда рота, батальон командирі болып, аға лейтенант дәрежесіне жеткен. Украина, Белоруссия, Польша жерлерінде халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі жолында, жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін күрескен ол 1944 жылдың тамыз айында Польшада қатты жараланып, Мәскеудегі әскери госпитальда емделеді. Осыдан соң еліне оралған Қапкен Бисембайұлы туған жерінде колхоз басқармасы, кейін бухгалтер болып еңбек етеді.
Қапкен Бисембайұлы I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Ол өмір бойы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан, мәселен, селолық партия ұйымының хатшысы, сайлау учаскесінің бастығы сияқты жұмыстарды атқарған.
1967 жылы Қазақстанға көшіп келгенде зейнет жасында болғанына қарамастан, «Қарасу» кеңшарына кассир болып орналасып, бұл жұмысты 76 жасына дейін атқарған. 1991 жылы Екібастұз қаласына коныс аударды. Көпшілік Сарыаға деп атайтын Қапкен Бисембайұлы 1994 жылдың ақпан айында қайтыс болды.