Павлодар өлкесінде халыққа жасаған қалтқысыз қызметімен елге танылған соғыс және еңбек ардагері, облыстың 7 ауданына басшылық жасаған Уақап Бекұлы Сыздықов 1924 жылы 24 қаңтарда Павлодар облысы, Лебяжі ауданына қарасты Тілектес ауылында дүниеге келіп, 1992 жылы дүниеден озған. Біртуар тұлғаның бейіті Тілектес ауылындағы ата-бабалар зиратынан мәңгілік тұрақ тапқан. Уақап Бекұлы – бір ғана Бәсентиін-Қозыбақтың айбатты ері емес, Керекуді кең жайлаған күллі қазаққа ортақ қайраткер.
Оның балалық шағы күштеп ұжымдастыру, алапат аштық пен төзбес қуғын-сүргін жылдарында өтсе, жастық дәуренінің жазира шағы соғыс өртіне шарпылды, ал белсенді еңбек еткен жылдары Тың жерлерді игеру мен жаңа шаруашылықтарды құру, тұралаған ұжымшарлар мен кеңшарларды көтеру науқанына тұспа-тұс келді.
Уақаптың әкесінің аты Сыздық, ал атасының аты Байбосын. Бірақ «Байбосын» есімі ауызекі айтуға жеңіл түрге ауысып, «Бек» болып қолданылып кеткен. Адам аттарын қысқартып айту, мәртебесін марқайта есімдеу дәстүрі дана халқымызда көп кездеседі. Бала Уақаптың Бектің ұлы атануы қазақтың байырғы «бауырға салу», «ата баласы» салтынан өрбісе керек.
Байбосынұлы Сыздық Бәсентиін тармағының Қойсары-Қозыбағынан тарайды. Арғы аталары жаугершілік заманда Сыр бойына ауып, сонда біршама жыл тұрақтап, Сарыарқаға қайта оралғанда нуы сабат, жағасы жәннат – Ақсу, Еңбек, Мамайыр тауы, Қызылқұрама ауылы аумағын жайлаған. Алайда еншісін алып, бөлек шыққан бірбеткей Сыздық өз қалауымен Павлодар қаласына жақын орналасқан Тілектес ауылына үйінің қазығын қағып, ат байлапты. Осы жерден Аққулы ауданымен шектесетін жерге дейінгі кең жазира Сыздықтың ата қонысына айналған. Ол дәулетті азамат ретінде «қызылдардың» қырына ілініп, кәмпескелеу уақытында «бай-кулак» деп айыпталады да, мал-мүлкі түгел тәркіленеді. Артынша аяусыз қудалауға ұшырайды. Сыздық пен Қорлиқа отбасын аман сақтау үшін Ресейдің Алтай өлкесіне өтіп кетіп жан сақтаған. Қорлиқа әже он бір құрсақ көтерген екен, соның тек екеуі тірі қалған. Олар – Уақап пен оның інісі Мүтәліп (Мүтәш).
Сыздық қол еңбегінен қашпайтын, егіншілік, ағаш ұсталығына икемі бар ұсынақты жан еді. Соның септігімен жат жерде, қиын кезеңдерде тұзы мен дәмін айырады. Қазақ даласын қу сүйекке көмген Қужақ-Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісі» толастаған шақта олар Шарбақты ауданының Арбиген ауылына оралып, ел шаруасына араласады. Орыс мұжығының ыңыршағы айналған атын өзі атып алған қасқырдың терісіне айырбас жасайды. Жылқының жайын жақсы білетіндіктен, бабалардан бері жасалып келе жатқан ежелгі ем-домды қолданып, мініс көлігін қоңдандырып алады да Арбиген, Шегірен, Шалдай ауылдарының арасында адам тасып, нәпақа тауып, делбе қағып, арба айдайды. Кісі тасымалдайтын алғашқы арбакеш атанады. Ескі үйін жөндеп, Тілектес ауылына тұрақтайды. Қос ұлының тілеуін тілеп, санатқа қосылғанын көреді. Кіші ұлы Мүтәліп сол Тілектес елдімекенінде тұрып, ел Тәуелсіздігінің куәсі болды. Ауылдың сыйлы ақсақалына айналып, немере- шөберелердің ортасында қызық ғұмыр сүрді. 2017 жылы дүниеден озды.
1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы сталиндік қуғын- сүргін, 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы халықтың қайғы-қасіретін молайтқаны белгілі. Көптеген азамат алғашқы күннен соғысқа алынды. Сол тұста 9-сыныпты бітірген Уақап әскерге алынған мұғалімнің орнына бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Ол орта және жоғары білімді кейін жұмыс істей жүріп игереді. 19 жасқа толар-толмастан 1942 жылы қыркүйек айында әскерге алынады. Бастапқыда Түркіменстанның Чарджоу қаласындағы әскери училищеде жедел дайындықтан өтеді. 1943 жылдың ақпанында кіші лейтенант У.Сыздықов соғысқа аттанады. Брянск майданына түскен ол 235-ші атқыштар дивизиясының 732-ші атқыштар полкінде взвод командирі болып тағайындалады. Алғы шепте жүріп ек рет жараланады. 1943 жылы мамыр айында Орлов-Курск шайқасына қатысады. “Ерлігі үшін” медалімен мара¬патталып, лейтенант шеніне жоғарылатылған У.Сыз¬дықов Бас қолбасшының резервтегі 8-ші гвардия¬лық авиациялық дивизия¬сының аэродромға қызмет көрсететін 619-шы жеке батальонының құрамында Украина, Беларусь және Польша жерлерін басып өтті. 1945 жылы желтоқсан айында әскери қызметтен босап, елге оралып, соғыс¬тан кейінгі халық тұрмысын қалпына келтіру майданына білек сыбана кірісті.
Уақап – атадан асып туған тұлға. «Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей көрінетін. Көпті көрген, көкірегі қазына ауыл қариясы Шүкір ақсақал Уақапқа қатысты айтқан бір сөзінде: «Біздің Уақап – өнері қара саннан келген, қара бақайына дейін құт дарыған жігіт», — дегенін соғыс және еңбек ардагері, марқұм Қабдеш Нұркин бекер жазбаса керек.
У.Сыздықов соғыстан кейін Кенжекөл, кейінен Жаңажолда тұралап қалған ел тұрмысын түзеуге белсене араласу үшін атқа қонды. Әуелі Жаңаауыл жеті жылдық мектебінде бастауыш сыныптардың мұғалімі, кейін жеке пәндер бойынша дәріс берді. Тума талантының арқасында білім іздеп, Кереку қаласында орналасқан педучилищеде оқыды. Тіпті, сол оқу орнында жүріп те еңбекке араласты. Екі-үш колхоздың есеп-қисабын жасап, ақысына бір тоқты мен жарты қап ұн алып, еңбекпен келген дәмді әке-шешесі мен жақын туған-туысының пайдасына жаратты.
Үш жылдан кейін жас та болса, талабы жоғары маманды мектеп директоры етіп тағайындады. Сонымен қатар жергі¬лікті ұжымшардың партиялық ұйымының хатшысы болып сайланады. 1951 жылы ұжымшарларды ірілендіру үдерісі жүргізіліп, Лебяжі ауданындағы екі колхоздан Сталин атындағы жаңа ірі ұжым¬шар құрылған. Осы ұжымшардың пар¬тия ұйы¬мына өз қызметіне деген белсенді де ұқыпты қасиеттерімен бағаланған Уақап Бекұлы хатшы болып бекітіледі. Бір жарым жылдан кейін осы ұжымшардың төрағасы атанады. Елдің әлеуметтік-эко¬но-микалық жағдайын көтеру үшін маңдай терін, шыбын жанын да аямай қызмет жасады.
Адал қызметімен абырой жина¬ған У.Сыздықов Павлодар облысының бірқатар аудандарында, атап айтқанда: 1954-57 жылдары Павлодар ауданы «Сталин» атындағы колхоздың төрағасы; 1958-61 жылдары Павлодар ауданы «Шақат» совхозының директоры; 1961-62 жылдары Павлодар аудандық атқару комитетінің төрағасы, сосын Цюрупин (Шарбақты) ауданының бірінші хатшысы; 1963-65 жылдары Успен аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1965-68 жылдары Лебяжі аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1968-77 жылдары Ертіс аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1977-85 жылдары Май ауданының бірінші хатшысы болды. Уақап Бекұлы бұдан бөлек атқарушы органның төрағасы, аталған аудандардың аудандық еңбекшілер кеңесінің және Павлодар облыстық еңбекшілер кеңесінің депутаты, обкомның мүшесі қызметі мен лауазымын қатар алып жүреді. Көргендердің айтуынша, Уақап Сыздықов абыройы сол уақыттағы аудандық комитет төрағасы болып отырған азаматтардан әлдеқайда жоғары болған еді. Әр жылдары партиялық қызметте өз бағын сынайды, ең алдымен, 1964-66 ж.ж. Павлодар облысының обкомына мүшелікке қабылданады. 1965-67 жылдары облыстық кеңес еңбекшілерінің және Лебяжі аудандық кеңес еңбекшілерінің депутаты деген лауазымды қатар алып жүреді. Аралықтағы екі жылдық үзіліс Лебяжі аудандық партия комитетінің мүшесі, бюро мүшесі сияқты лауазымдарына бастайды. Облыстық депутаттық қызмет 1969-71 жылдары екінші мәрте, 1977-80 жылдары үшінші, 1980-82 жылдары төртінші, 1982-85 жылдары бесінші мәрте қайталанады. Ал осы аралықтағы аудандық комитеттің мүшесі, бюро мүшесі сияқты лауазымдар өзі басқарған аудандарда жалғасып отырады.
Уақап Сыздықов еңбек жолындағы жарасымды жағдайды Ертіс ауданының тұрғындары әрдайым есінен шығармайды. Қаламгер М.Жаманбалиновтың Ертіс аудандық «Ертіс нұры» газетінің 2004 жылғы 21 ақпандағы санында жарияланған естелігіне сүйенсек: «1968 жылдың көктемінде еңбекшілер депутаттары Ертіс аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде сол кезде жасы қырықтан жаңа асқан нар тұлғалы Уақап Сыздықов келді. Ол өзінің бұрынғы әріптестеріне ұқсамайтын, сан қырлы сипаттағы ерекше тұлға екендігін алғашқы айларда-ақ танытты. Бұл кезде аупарткомның бірінші хатшысы от ауызды, орақ тілділердің бірі Ю.В.Панов болатын. Ол да жаңа келген төрағаны, өзінен бір жарым есе бойы биік, ойы одан да биік нар қазақты құрмет тұтты. Білікті басшының Ертіс ауданына келуі қазақ азаматтарының ұйымшылдығын күшейтті. Қазақ халқының ұлттық дәстүріне баса назар аударылды», — дейді.
Расында да Ертіс ауданында Уақап Сыздықовтың уақытында ауылдар көріктендіріліп, аудан орталығында құрылыс қарқынды дамыды, сол кезеңде Ертіс ауылы қала атауын иеленді.
Содан кейінгі 25 жылдай еңбегі оның ең белсенді қызметі мен ұйымдастырушылық қабілетін айқын көрсеткен кезеңдер.
Елдің еңсесін көтерген 1960-70 жыл¬дар¬ы Уахаң Павлодар өңірінде ауыл шаруашылы¬ғының индустриялық жаңа деңгейге көтерілуіне ерекше үлес қосты. Сол жылдары мал шаруашылығы да өркен жайды, ет пен сүт өнімділігі артты. Еңбек адамдарының тұрмысы жақсарып, еңбектері бағаланды, әртүрлі жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ауыл тұрғындарына жаңа үйлер берілді. Жергілікті ауылдық мекендер жаңаша түрге енді.
Май елінің келбеті – Уақап Сыздықовтың келбеті еді.
Саңлақ ердің сауатты шешімдері арқасында санаулы жылдар ішінде жаңа үлгідегі тұрғын үйлер салынғандықтан, аудан орталығы абаттандырылған кентке айналды. Замандастары оны өзіне де, өзгеге де өте талапшыл, шаруашылықты дұрыс жүргізе біле¬тін басшы ретінде таныды. Егер жұ¬мыс орындалмай жатса, қатал мінез көрсе¬тетінін, ал былайғы кезде сабырлы қалпынан айны¬майтынын айтады. Бір кездерде көмек сұрап алдына барған адамдар әлі күнге дейін оны ерекше ілтипатпен еске алады. Ол қашан да халқымен бірге болды. Уақап әке өзінің қайраткерлік жолын жалғастырған тұңғышы Титоға да осы қағиданы өсиет еткені мәлім. Сондағы пәтуалы сөзі мынау еді: «Сен алдыңа келген адамды адам деп қарсы ал. Өзіңді сол адамның орнына қойып сөйлес. Ол не себеппен алдыңа келді. Оның жағдайында сен не істер едің? Қалай көмектесем деген ойға кенел, балам. Ал егер сен өзіңді бастық санап, оны бір мүсәпір ретінде қабылдаған шақ туатын болса, сен онда креслоңды босат. Мұндайда сен адамдық қасиеттен безесің».
Уақап Бекұлы Май ауданындағы қызметтен кейін 1985 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты, содан кейін бірнеше жыл облыстық аңшылар комитетін басқарды. Аңшылық оның сүйегіне сіңген сүйікті кәсібі еді. Уақап Бекұлы жиен ағасы Омар баласы Мұхитқа тартқан, ата-тегінен саятшылық дарыған аңкөс кісі еді. Құралайды көзге атқан мергендігі жайлы әңгіме бір төбе. Қызметте жүргеннің өзінде мылтығын тастамай, ит-құстан айналаны ада етіп, малшылардың рахметін алып, қоғамның ортақ түлігін қорғауға септігін тигізе білді.
Уақап Сыздықовтың зор іскерлігі, ел басқару және ұйымдастыру қабілеті Май аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болғанында жарқырай көрінді. Бұрын көштің соңында жүрген Май ауданы берекелі мекенге айналды.
Май ауданында білікті басшы негізінен тары, қарақұмық, арпа жоңышқа сияқты дақылдардың егіс көлемін екі есеге дейін ұлғайту, мал басын көбейту, жылқы тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс істеді. Осы ауданның үлгісімен облыста егілген тары алқабының жалпы көлемі 40 мың гектарға жетті. Нәтижесінде Павлодар облысы Кеңес Одағындағы жарма дақылдарының ең ірі жеткізушілерінің біріне айналса, аудандағы жылқы саны 23 мың, ірі қара 40 мың, қой тұқымы 260 мыңнан асты.
Экономиканы және мәдени-әлеуметтік саланы жоғары деңгейге көтеру жылындағы облыстар мен аудандардың арасында өткізілген жарыс қорытындысы бойынша Май елі Кеңестер Одағы ішінде жарыс жеңімпазы атанып, бірінші орынды жеңіп алды.
Уақап Сыздықов – Павлодар-Екібастұз аймақтық өндірістік кешенін салуға, оның өркендеп өсуіне белсенді түрде атсалысқан азамат. Бұған бұқара әлдеқашан куә болған. Тумысынан тұрақтылықты ұнататын, жалған айтып, жарамсақтыққа бармайтыны оның тұла бойынан толық аңғарылатын.
Қатар қызмет еткен азаматтардың әрқайсысы оны әділ, турашыл, шыншыл деп бағалайды. «Өз көзқарасынан, позициясынан таймай, өз пікірін шешіп те, кесіп те, тура айтып тастайтын. Дұрыс сөзге өзін де елін де тоқтата білген, теріс сөзге тосқауыл қойған, қадірі мен қасиеті ұштасқан жан болды»,- деп жазды әйгілі ардагер Бекболат Хазыров.
Оның ізбасарларының бірі Ермат Байғұрманов: «Уақап Сыздықов Май ауданының тізгінін қолына алған кезеңде аудан орталығы Белогорьеде (Көктөбе) көркем сән үлгісімен Мәдениет үйі, денешнықтыру және спорт кешені бой көтерді. Шалғайдағы Май ауылынан «Автокөлік» мекемесін орталыққа көшіріп әкеліп, әр ауылға кіріп-шығатын жолдарды жөндеп, көшелерге жарық шамдарын орнатты. Май кеңшарының қырдағы бөлімшелеріне қарай сапалы қиыршық тасты қара жол салғызды. Үлкен қиындықтарды іскерлік тегеурінімен еңсеріп, Ақшиман кеңшарына дейін ұзындығы 95 шақырым болатын грейдер жол төсетіп, халыққа ұсынды. Бұл істе облыстық жол басқармасының басшылары: А.П.Годына, В.М.Андрюшенко, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Е.Г.Азаровты көндіріп, көршілес кеңшарларды да жұмысқа жұмылдырды», — дейді.
Уақап Бекұлы үзеңгілестері, әріптестері мен ізбасарлары: Қ.Е.Есімханов, Б.Р.Әлкеев, Т.О.Аккулов, М.Т.Төлебаев, Е.Н.Байғұрманов, И.Б.Әбдіқалықов, Ж.Ж.Нұрғалиев, Е.Әлімов, Ш.К.Сәрсенбаев, Е.Б.Батырханов, С.М.Мұқанғалиев, В.П.Добровольский, Н.Д.Никитина, А.Ш. Ешимова, Б.Т.Мұқашева және тағы басқалардан да қызметіне жауапкершілікті, адалдық пен іскерлікті талап етті. Олардың дені республикалық деңгейде түрлі лауазымдық қызмет атқарған айтулы азаматтарға айналды.
«Уақап Бекұлының ерекшелігі – маңатына ел басқаруға лайық, қабілетті азаматтарды топтастыра білді, қызметке келгенде туыстық, таныстық, руға бөлушілік дегенді білмейтін», — деп тебіренеді Ермат Байғұрманов.
Жарты ғасырға жуық еңбек өтілі бар У.Сыздықов артында жарқын із қалдырды. Оның халық пен Отан алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол Октябрь Революциясы, үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ “Құрмет Белгісі” және І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің, бірқатар медальдардың иегері.
Биғайша Қанапияқызы
Биғайша ана зерделі, зиятты жан еді. Ол күйеуінің қоғамдағы орнын, оның қызметінің ауырлығын жете түсінді. Отбасында жылылық пен жайлылық орнату үшін қолынан келгеннің бәрін жасады, сондықтан үй іші тек қамқорлықтың нысаны ғана емес, сонымен қатар шаршағанда шаттық сыйлайтын, ұйымдастыру жұмысы жүйкені жұқартқанда тыныштық пен қуаныш табатын бақыт ұясы еді. Осы жарасымды жұпты әуел баста Сыздық ақсақалдың бір ауыз сөзі мен ақ батасы қосқан болатын. Биғайшаның әкесі Қанапия атақты Нұрекен бидің Оспан деген шөбересінен өрбіген ұрпақ. Сыздық әкенің басқа адаммен құда болуды қаламауы — тектіліктің желісін үзбеудің қамы екен. Бастауы тұнық екі арна қосылса, өмірге жаны да қаны да таза ұрпақ келеді. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы. Сыздық шаңырағына келін болып түскен Биғайша ананың арғы атасы – 1799- 1874 жылдары Шегірен, Арбиген аумағында өмір сүрген атақты Нұрекен би. Қазіргі Уахит кесенесінің тұрған жері сол ауылдардың орталығы іспетті болған. Тіпті, ары қарай Ресейдің Алтай өлкесіне қарай жайылып кете береді. Оған бір дәлел өзінің сүйегін Алтай өлкесіндегі ата-жұрт қорымына қоюды өсиет еткен. Нұрекен он бес мың жылқы біткен белгілі бай болған. Ел аузында Нұрмұхамбет деген есімінен гөрі, Нұреке, Нұрке қажы, Нұрекен би аты сақталып қалған. Ал оның мал бағудағы өзіндік дәстүрі кейінгі ұрпағына жұққан. Ата-тегі Ергенекті Уақтың Жансары тармағынан тарайды. Ол Төле бидің ауылымен құдандалы болған кеніш білімді Кенебай бидің немересі. Шоң, Шорман, Қазанғап, Құнанбайлардың замандасы. Нұрекен би жайлы Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағында: «Бұл Нұрекен ата- бабалары Қызылтауда Жаңабатыр қойылған Қарасудағы қыстауда туып, алты жыл мешел болып, аяғы шықпай шұңқырға салып қойған екен. Ақырында үлкен бай болып, қажыға қазақтан ең алғаш барған – осы кісі», — деп жазады.
Нұрекеннің бір баласы Жақып – 1882-1886 жылдары Сейтен болысының басшысы болған. 1883 жылы Ақ Патшаның таққа отыру құрметіне арналған салтанатқа қатысқан. Оның інісі Темірғалы Ресей Мемлекеттік Думасына мүше болып сайланған. Темірғалы баласы Оспан да дәулеті тасыған кісі екен. Биғайша ана осы Оспанның жиеншары.
Уақап Бекұлы мен Биғайша Қанапияқызы 45 жыл тату-тәтті өмір сүрді. Уақап ақсақал жан жарын өмір бойы Биеке деп құрметтеп өтті. Оның жезтаңдай әншілігіне тәнті болған жұрт «Ертістің бұлбұлы» деп атайтын. Екеуі төрт ұл мен екі қыз өсірді. Балаларының барлығы да жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін әр салада, әр өңірде еселі еңбек етіп, әкесінің абыройлы атағын жалғап келеді. Балаларынан тараған немере, шөберелері де аталары салған даңғыл жолда, бейбіт тіршілікте білім мен ғылым¬ның тереңінен нәр алып, мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін қызмет етуге атсалысуда.
Биғайша ана Алланың берген ғұмырын жасап, тоқсанның төріне шықты. Өзі құрған отбасы мүшелерінің ризашылығына бөленді. Ақырында, құдай қосқан қосағының жанына аттанды. Кіндік қандары қатар тамған жерден орын алды. Қос жүрек иелерін фәни өмірде қатар жүрген күндерінің куәсі болған Тілектес ауылы құнарлы топырағымен жапты.
Уақап Сыздықұлының отбасында торт ұл және екі қыз бала тәрбиеленді. Ұлдары: Тито, Нұрбек, Серім, Нұрлан. Алғашқы қыз бала Роза (1957 ж.), соңғысы Рабиға (1960 ж.). «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өскен қыз балалар алдындағы ағаларына да қамқоршы бола білді. Қыз қолымен келген жинақылық әулет ұлдарына да жұғысты болды. Алдыңғы қатарлы ағалары қай жерде болса да, қарындастарының қағытпа ақылдарын серік етті. Құдайдың құдіреті сол, Уақап әулетіне елі танитын, туған жерлеріне еңбегімен еленген отбасыларды құда етті. Бір кездері үлкен қыздың атасы мен Уақаптың арасындағы сыйластық ауылдың әр қартының аузында мақал-мәтел болып өрілді. Әке Уақап о дүниелік болған соң, кіші қыздың атасы мен Тито Уақапұлының арасындағы сыйластық әлі күнге дейін жалғастығын тауып отыр. Қыздардан өрген жиендер екі жақ үміт етер балалар еді, қазір орта сыйлар, болашағынан үміт күтер азаматтарға айналды.
Иә, дәл осындай жолдардан өткен Сыздықтың немере-шөберелері, Уақаптың ұл-қыздары мен немерелері бүгінгі күні де үлкен отбасылық өнегені ұстанып келеді. Біріне-бірі демеу болған ұрпақтың елдің іргесін де нығайта беретіні анық.
Қазір Уақап атаның немелері жеке-жеке үй болып, халық игілігіне еңбек етіп жүр. Үлкен немересі Дәулет, Динара, Мадина, Диляра, Әділет, София, Назия, Адина, Дана, Роллан, Руслан, Дәурен, Долорес сияқты жас өрелі азаматтар жақсы атаның өмірін жарастықпен жалғастыруда.