Темірғалиев Әмен Темірғалиұлы – 1911 жылдың 1-ші қаңтарында Павлодар облысы Лебяжі ауданы Жабағылы ауылында дүниеге келген.
ЖШҚА-ға 1942 жылы 15 қаңтарда шақырылған. Әскери атағы: аға сержант. 105-ші жеке атқыштар бригадасы құрамында станоктық пулеметтің көздеушісі; 5-ші танк корпусының 41-ші танк бригадасы құрамында, 84-ші атқыштар дивизиясының 247-ші атқыштар полкі құрамында топ командирі ретінде соғысқан. (Брянск, Батыс, 3-ші Беларус, 1-ші Балтықбойы майдандары). Әскери қызметінен 1945 жылдың 15 қазанында босатылған.
1945 жылдан бастап, Лебяжі аудандық қаржы бөлімінде бақылаушы- ревизор, аға инспектор, Бесқарағай орман шаруашылығында бухгалтер, есепші-кассир, Беген орман шаруашылығында орман қорғау инспекторы, «Бірінші Май» МТС-да қоймашы, бухгалтер, Семияр жөндеу техникалық станциясында диспетчер (Павлодар облысы Бесқарағай ауданы), Лебяжі ауданы Майқарағай кеңшарының бөлімшесінде есепші, Лебяжі аудандық байланыс торабының Жабағылы ауылы байланыс бөлімшесінің басшысы болып еңбек атқарған.
«За отвагу», «За победу над Германией», «Ветеран труда», «За освоение целинных земель», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Двадцать лет победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.», «60 лет Вооруженных сил СССР» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. «Қызыл Жұлдыз» Орденінің иегері.
Әмен ата өзінің адал еңбегімен екі ұл бала өсіріп, тәрбиеледі. Екі ұлы да, Әмен атаның жолын қуып ауылда еңбек етті.
Темірғалиев Әмен Темірғалиұлы 1986 жылдың 10 қаңтарында Павлодар облысы Лебяжі ауданы Жабағылы ауылында қайтыс болды.