Search
Close this search box.

Рамазанов Аманолла

Есімі ел есінде қалар ерен Тұлға!

Қең байтақ қазақ елінің қай түкпіріне бара қалсаң да Аманолла Рамазанов деген азаматтың есімі аталса елең ете қалмайтын адам жоқ шығар деп ойлаймын. Әсіресе аға буын, кезінде республика, облыс деңгейде басшылық қызметте болған, творчестволық, интеллигенция, ақын-жазушылар мен ғалымдар зиялы қауым өкілдері арасында бұл азаматты ыстық ықылас сағынышпен еске алады. Өзі өмір сүріп қызмет еткен қоғамда ірі мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты да, байсалды білгір басшы ретінде елге танылған ерекше тұлға, ардақты азамат, қамқор ақылшы аға бауырмал туыс, қимас дос.
Аманолла Ғабдулхайұлы 01.06.1928 жылы Павлодар обл. Павлодар ауданы «Карл Маркс» колхозында дүниеге келген.

1945 жылы Көкшетау облысы Айыртау ауданы Сырымбет ауылындағы орта мектепті бітірген соң Алматы ауылшаруашылық институтына түсіп 1950 жылы, агроном мамандығын алып шығады.
Сол жылы жолдамамен өз елі Павлодарға келеді. Қызметін облыстық ауылшаруашылық басқармасында бастаған. 1953 жылы облыстық партия комитеті Ауыл шаруашылығы министрімен келісіп «Ақкөл совхозына» директор етіп бекітеді, кейін Баянауыл ауданының бірінші хатшысы болып қызмет атқарады. Бұдан көп ұзатпай Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары етіп бекітеді. Бұл қызметте Аманолла өресі биік, болжамы дұрыс, терең білімдігін танытады. Қазақстан мен Москва орталық комитеттері ақылдасып Аманолланы Шымкент облыстық партия комитетіне әуелі екінші, кейін бірінші хатшы етіп бекітеді. Бұл облыста 8 жыл, Семей облысында 4 жыл қызмет істеп, облыстардың өсіп-өркендеуіне қол жеткізеді. Екі мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Аманолла Ғабдулхайұлы өмір бойы халыққа адал қызмет етумен қатар, кейінгі ұрпаққа да сондай болуды аманат етіп кетті, төрт ұл, бір қыз өсіріп, немерелерін-шөберелерін сүйіп кетті. 4.10.2009 жылы пәниден бақиға аттанды. Ағамызды Республика жұртшылығы, мемлекет басшылары, парламент депутаттары шығарып салып қырқы Шымкент, Алматы, Астана, Павлодар, Көкшетау қалаларында өткізілді. Алматы қаласында жерленді.

Аманжан

Асылдың сынығысың арылмаған,
Қысылып еш уақытта тарылмаған.
Тазасың періштедей күні бүгін,
Сондықтан риза ғой елің саған.
Келбетің 80-дегі ойды тербеп,
Қияға көзді салып кеттім өрлеп.
Қара Ертіс, Қаратоғай, Жанбабаңыз,
Тегіңнің кім екенін айтып бермек.
Ертісті еркін жайлап қоныс еткен,
Ол жерге жақсылардың қолы жеткен.
Асырып қасиетін Қара Ертістің,
Талпынған тілдесуге аспан көкпен.
Арғы атаң Абдығалым асыл заттан,
Еліне өнегелі болған датқаң.
Оқытып балаларды медреседе,
Халқына маужыраған таң боп атқан.
Арғы атаң Абдығалым қасиетті,
Халқына қамқор болған ақ ниетті.
Адамда ашылмаған білім көп деп,
Ұмтылған меңгеруге көкжиекті.
Талпынған келешекке көзі жетіп,
Аспанға ұшпақ болған талап етіп.
Ағаштан үй салдырып Жанбабаға,
Ағаштан түйме түйіп тіккен етік.
Нағашың Дандыбайдың Жүсіпбегі,
Өнерге неше түрлі болған жетік.
Әкеңнің Әсет, Нұқ, Мұзафар ағалары,
Ертістің ерекше шың жағалары.
Кезінде түншықтырып тастап еді,
Бүгінде көрініп тұр бағалары.
Өнердің неше түрін төгілдірген,
Көңілін көптің тауып егілдірген,
Санаға сәуле беріп сахарада,
Ғылымға жас ұрпақты еміндірген.
Өздері Москвада білім алған,
Көш бастап, көп адамды жөнге салған.
Игеріп есеппенен музыканы,
Тарихты, тіл өнерін қолына алған.
Аударып орысшаға Абай сөзін,
Бұлақтың жарқыратып ашкан көзін.
Халықты халықпенен таныстырып,
Ел қамын ерте ойлаған қандай сезім.
Өз әкең ұзақ уақыт ұстаз болған,
Дұшпаны жабылса да оң мен солдан,
Жан еді жаны таза жаңылмаған,
Құтылды есен-аман құрған тордан.
Қызы еді Оспан болыс анаң сенің,
Үйірлеткен маңайына жүрген елін.
Өсіріп 8 бала 80 көлдей,
Жайқалған жапырағы өсіп егін.
Келесің жалғастырып бәрін бүгін,
Жалғасқан жақсыларға төңірегің.
Өзің де бала жастан өрге шаптың,
Өмірде ел қатарлы орын таптың.
Қамқоры қалың елдің бола біліп,
Отырсың ортасында мал мен бақтың.
Бес бала әкесісің немерелі,
Ұрпақтың ұйытқысысың шөберелі.
Тәңірім таң қаларлық бақыт берсін,
Кең болсын келешектің келер жері.
Академик, доктор, кандидаттар толып жатыр,
Бәйкен, Баян жезделерің екі батыр.
Билікте балаларың басқарып жүр,
Ішіне парламенттің тіктің шатыр.
Тойыңа 80-дегі жеттің желіп,
Құттықтап жүрген елің отыр келіп.
Көп жаса Қара Ертістей кемері кең,
Ұрпаққа өнегелі үлгі беріп.
Көкшетау білім алып өскен жерің,
Алғашқы еңбек етіп төккен терің.
Ең жақын бауырларың құттықтайды,
Қабыл ал ел тілегін, кемел серім.
Есепте бізді бүгін қасымда деп,
Қуаныш дастарханның басында деп.
Мен дағы осылай деп есептеймін,
Тойдамын 94-те жасымда деп.
Баян Жанғалов,
Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек Ері,
Зеренді ауданының, Ақмола облысының құрметті азаматы,
бүгінде 94-ке қараған тілеуқор қарт.
20.VII.2010 жыл

Зарегистрируйтесь, чтобы опубликовать страницу!
Сайтқа бетті жариялау үшін тіркеліңіз!