Раушан Садыққызының естелігінен: «Әкем Садық Қапесұлы Нәкенов 1922 жылы 25 желтоқсанда Павлодар облысы Ақсу ауданы Сынтас ауылдық кеңесінің №6 ауылында туған. Руы Қаржау. Оның ішінде Көтенбай.
Садық– отбасындағы жалғыз ұл екен. Әкемнің туғанына үш ай толғанда анасы Айша (руы Қанжығалы) қайтыс болады. Атам Қапес емшектегі шақалағын өлтіріп алудан қорқып, оны сәбилер үйіне тапсырады. Ол балалар үйінде өсіп, жетіледі. Ержеткен соң әкесін, туыстарын табады. Балалық шағы туралы көп айта қоймайтын, оны еске алуды ұнатпайтын.
1940 жылы әскер қатарына алынып, Қиыр Шығыста әскери міндетін атқарады. Ұлы Отан соғысы кезінде Жапония мен СССР шекарасын күзетеді. Совет Одағының айбынды қалың әскерінен қаймыққан жапон армиясы одақтасы Гитлер Германиясына көмек көрсете алмайды.
1947 жылы түрлі медальдармен марапатталған әкем әскери қызметін аяқтап, елге оралады. 1949 жылы ол анамыз Рәзияға (руы Шоқай) үйленіп, отбасын құрады. Қалалық почтаға монтер болып, жұмысқа орналасады. Зейнетке шыққанша почтаның түрлі жұмыстарында абыройлы еңбек етеді. Көп жылғы адал еңбегі бағаланып, алғыс хаттар мен түрлі сыйлықтар алады.
Өмір бойы Павлодар қаласында тұрып, анамыз Рәзия екеуі 7 бала өсіріп, тәрбиеледі. Олар: Раушан-1951 жылғы, Сәрсен-1953 жылғы, Жұмажан-1955 жылғы, Серік-1958 жылғы, Серғазы-1961 жылғы, Жасұлан-1965 жылғы, Жасқайрат-1967 жылғы. Қазір бұлардың бәрі өсіп-өніп, өздері немере сүйіп отыр.
Отбасында бақытты әке, 17 немере мен 23 шөберенің аяулы атасы Садық Қапесұлы Нәкенов 1987 жылы Павлодар қаласында қайтыс болды».