Бұл өмірде әр жанұяның өз орны бар. Біздің жанұямыз – әкеміз Мешітбай Мәрденұлы 1926 жылы дүниеге келген, әкесі Мәрден Қайырбайұлы аңшы болған, шешесі Зәйда Рақтайқызы үй шаруасымен айналысқан.
Сонау соғыстан кейінгі қиын кезеңде, ол кезде халықтың тұрмысы нашар, 1946 жылы шешеміз Исақызы Қадиша екеуі тұрмыс құрып, анамыз 1986 жылы қайтыс болғанға дейін 40 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрді.
Шешеміз тірі кезінде айтып отыратын, әкеміз үйленгеннен кейін біраз еңбек тауып, аяққа тұрып жанұяны жұтатпай асырау үшін екі-үш жыл Майқайың кентінде жұмыс істейді, жанұясын өте жақсы көргені соншалық, ақша алған күні, сонау 130-140 шақырым қашықтыққа қарамастан, демалысты пайдаланып, Қ. Қамзин совхозына түнделетіп атпен, ақша әкеліп беріп отырған. Үйде баласының, жолдасының тілеуін тілеп отырған шешесі мен жарына, көйлек тіккізіп кисін деп мата да әкеліп беріп тұрады. Ол кезде мата деген тапшы, халық қапшық тігетін, кенептен киім- кешек тігіп киген уақыт.
Шешеміз өмірден озғанда мен 16 жаста едім, содан бастап әке тәрбиесінде өстім, сондықтан мен үшін әкенің орны бөлек, өзі өмірден озғанша 2000 жылы қолынан келген бар жақсылықты жасап, тәлім-тәрбие берді, оқытты, үйге дейін көзінің тірісінде алып берді.
Елуінші жылдардан бастап Қ.Қамзин совхозында бұрынғы Жолқұдық совхозы мал шаруашылығында гуртоправ болып жұмыс істеді, шешеміз сауыншы болды, екеуінің де еңбектері еленіп, әкейге еңбек ардагері Құрметті мал өсіруші атағы берілді.
1969 жылы Ақсу ауданының депутаты болды, ол кезде Ер- мак ауданы.
1970 жылы ерекше еңбегі үшін Лениннің 100 жылдық мерей тойына байланысты мерекелік медальмен марапатталды.
1973 жылы Коммунистік еңбектің екпіндісі атағы берілді 1975 жылы Социалистiк жарыстын женiмпазы атағы берілді. Ұзақ жылдар мал шаруашылығында екпінді еңбегі үшін Совет Одағының Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің 1987 жылғы 17 сәуірдегі шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Шешеміз Қадиша марқұм Еңбек Қызыл ту орденінің иегері,
55 жасында зейнеткерлікке шықты.
Әке-шешеміз бізге үлгі болатындай жақсы өмір сүріп өтті, мағыналы дұрыс тәрбие берді, оқытты. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбек етті. Екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді ө төрт ұл, екі қыз.