Search
Close this search box.

Бораншинов Көшербай Әбжанұлы (1922 -2007)

Көшербай 1922 жылы 10 желтоқсанда Кереку (қазіргі Павлодар) қаласында почташының отбасында дүниеге келеді. Әкесі Әбжан Бораншиев 6-ауылдың (қазіргі Потанин), анасы Айшым Смақова 7-ауылдың тумалары.

30-жылдар қазақ халқына көп қиындық әкелгені тарихтан белгілі. 1937 жылы жасөспірім Көшербайдың анасы қайтыс болады. Бірақ ол қайғыға мойымай, Кереку қаласында жаңа ашылған Абай атындағы қазақ орта мектебін үздік бітіріп шығады.

Сол жылдары Қазақ педагогикалық институтының филиалы ашылып, Көшербай оның тарих-география факультетіне оқуға түседі. Бесқарағай аудандық мектебінде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) тарих, география мұғалімі болып, практикада жүргенінде соғыс басталып, оқуын аяқтай алмайды.1941 жылы Боранши- евтар әулетінен төрт адам әскерге алынып, Көшербай әкесінің інілері Жұманияз, Әлімжан, Жылқыбаймен майданға аттанады. Ағаларының үшеуі де соғыстан оралмайды.

1941 жылы ол Қызылжар (қазіргі Петропавловск) қала- сында бір айлық дайындық курсынан өтіп, даңқты генерал И.В. Панфиловтың 8-гвардиялық дивизиясына жіберіледі. Атақты полк командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының қол астында ротаның саяси жетекшісіне орынбасар болады.

6 айдан соң ол 48-дивизияның Тула қаласында жасақталған оқу батальонының саяси жетекшісі болып тағайындалады. 1942 жылы желтоқсанда К. Бораншиевтің әскери бөлімі фельдмаршал Паулюстің армиясын қоршауға алып жатқан генерал-лейтенант Рыбалконың 3-танк армиясын қолдауға «Сталинград қоршауына» жіберіледі. Калач қаласы түбінде, Дон өзенінің бойында болған қанды қырғындарда 48-дивизия эсэстер мен румын әскеріне ойсырата соққы береді. 28 қаңтарда Новый Оскол (Воронеж облысы), 16 ақпанда Харьков қалаларын алады. Сонан соң фельдмаршал Паулюске көмекке келе жатқан Манштейннің танк дивизиясына қарсы шығады. Орлов-Киев Доғасында болған сұрапыл шайқастарға қатысады.

Жау қолына өтіп кеткен Харьков қаласын тамыз айында ғана фашистерден қайтарып алады.
Бақыт Көшербайқызының естелігінен:
«Әкем Харьков үшін болған сол қанды қырғынды өмір бойы ұмыта алмай өтті. Қаланы азат ету кезінде совет әскері бір шіркеудің қақпасын ашып қалса, ішінен улап-шулап, кәрі- жасы, еркек-әйелі аралас қала тұрғындары шыға келеді. Фашистер оларды тірідей өртеп жіберу үшін бәрін шіркеуге қамаған екен. Совет әскері қалаға мезгілінде кіріп, көп халықты ажалдан құтқарып қалады. Жылап-сықтаған адамдардың сөзін ұға алмаған солдаттар, олар көрсеткен құдықты ашса, ол жас балалардың денесімен толтырылған екен. Құдықтың бет жағындағы балалар шалажансар, ал астыңғылары өліп кеткен көрінеді. Қанша бала ажал құшқанын ешкім санай алмайды…

Әкем Харьков қаласы үшін шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Брянск майданының қолбасшысы генерал-лейтенант Роккосовскийден Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің алғашқы алғыс хатын алды. Төрт жыл соғыста қан кешкен әкем алты алғыс хат, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды».

Москва түбінен Австрия жеріне жеткен, бүкіл Европаны керзі етікпен жаяу өткен, 23 жасар Көшербай Бораншиев Украина, Молдавия, Болгария елдерін фашистерден азат етті, Бух, Днепр, Дунай өзендерінен өту кезіндегі алапат ұрыстарға қатысты, Румыния, Венгрия, Австрия жерлерінде соғысты. Рейхстагтың құлағаны туралы қуанышты хабар ол кісіге Австрияның Веннернойштадт қаласында жетті.
Бұл бақыт пен қуанышты ол мына өлеңінде, бас әріптері өзінің атын шығаратын жыр жолдарымен төкті:

Кетті қыс, жаз да келді тірі жанға,
Өзгерді жердің беті Австрияда.
Шуылдап жан-жануар масайрады,
Ерініп, аяқтарын бір басуға.

Радио хабар берді барлық елге,
Бітті деп қанды соғыс жер жүзінде.
Аспанда Ай жымыңдап, жүлдыз күліп,
Иіліп, тәжім етті Күн де бізге.

Даланы жаңғыртады әсем әндер,
Қосылды ол әндерге жауынгерлер.
Намысты жібермедік, жеңдік жауды,
Құлады Берлин менен сұм Гитлер.

Келді де маршал Жуков Берлинге,
«Бері кел», деп акырды ол Кейтельге.
Қалтырап Кейтель сөзсіз берілді де,
Амалсыз қолын қойды актіге.

Ұлы Отан соғысынан Көшербай лейтенант шенінде 1947 жылы ғана оралады. Ол кезде әкесі Әбжан қайтыс болып кеткен екен. Жас жігітті облыс военкоматы Майқайың комендатурасын басқаруға жібереді. Кейін Баянауыл ауданынының партия комитетінде түрлі қызметтер атқарады.

Сол жерде Баянның сұлу қызы, ЗАГС қызметкері, өткір де өжет Бәтима Мәжкенованы кездестіріп, ғашық болып, құлай сүйеді. 1948 жылы екеуі отау құрып, өмірлерінің соңғы күніне дейін махаббаттарына берік болады. Өмір ағымымен Көшербай түрлі салаларда еңбек етеді. Майқайың түбіндегі ЦЭС-тің бөлімін, өрт сөндіру бригадасын басқарады, Шөптікөл көмір разрезінде жұмыс істейді.

Гүлбақша Көшербайқызының естелігінен:
«Бала кезімде әкем көмір разрезінде жұмыс істеді. Ол 5 км жердегі жұмысына қысы-жазы жаяу барып, келетін. Қысқы аяздарда қар басып қалған даладан көлігі қираған, қарға батқан, суыққа ұрынған талай адамды, қатты борандарда адасып кеткен жандарды үйге алып келетін. Анам екеуі оларды күтіп, емдеп, барын ауыздарына тосып, апаттан аман алып қалатын. Ақкөңіл әке-шешем қолдарынан келер көмегін ешкімнен аямайтын. Сондықтан болар үйіміз кісіден арылмайтын. Еңбекті жеңіл, ауыр деп бөлмей, кез-келген жұмысты қорықпай, атқара беретін».

Меруерт Көшербайқызының естелігінен:
«Бірде бала кезімде сиырымыз өрістен қайтпай қалды. Екі күн өтті, келмеген соң, әкем оны іздеуге шығатын болды. Мен де бірге сиыр іздемекші болып, сұрандым. Балажан әкем көңілімді қайтармады, бірақ таулы жерде жүрісіміз қиын болатынын және жаяу ұзақ жүретінімізді ескертті. Мен ыңғайлы киініп, тамақ пен су алып, қиындыққа дайындалып, сиырымыз Зорьканы іздеуге шықтым. Жолда әкем соғыс кезінде болған бір әңгімені айтып берді. Сол сөздер есіме түскенде, әлі күнге дейін жанарыма жас үйіріледі. Оқиға Венгрияда, Болотон көлінің маңайында болыпты. Суық күздің бір күнінде барлаушылық тапсырмамен келе жатқан әкем жолдастарымен немістердің жаудырған оғының астында қалады. Оқ тиіп, ауыр жараланған ол есінен танып жатады. Бір уақытта есін жиып, тұрайын десе, қол-аяғын қимылдата алмайды. Күздің қара суығы сүйектен өтіп барады. Айнала толған өлік, өзінің жауынгер жолдастары. Маңайда тірі жан сезілмейді.
Осыны көрген әкем: «Өлген жерім осы екен!» деп, қатты шошиды. Жаны қысылғанда бала кезінде әкесі үйреткен дұғалар есіне түседі. Коммунист болғандықтан ұмытылып қалған дұға сөздерін әкем жанталаса қайталай бастайды. Жаратқаннан өзін тірі қалдыруды сансыз рет сұрайды. Өзінің небәрі 20-дан сәл ғана асқанын, отбасын құрып, бала сүйгісі келетінін, өмірге жоспарының көп екенін айтып, Аллаға жалбарынады. Егер тірі қалса, ешкімді ренжітпейтінін, өмірінің әр минутына қуанатынын айтып, жылайды. Осыны есіне түсіргенде әкем өзі де көзіне жас алатын.
Осылай құдайға жалынып жатып, әкем тағы да есінен танып қалыпты. Есін жиса, госпитальда жатыр екен. Медбикелерден сұраса, жергілікті тұрғындар атыс аяқталып, саябырланған шақта түрлі мақсатпен атыс болған жерді аралапты. Біреуі кеудесінде шығар-шықпас жаны бар жаралы Көшербайды арбасына салып алып, госпитальға әкеліп тапсырған көрінеді. Өзін ажалдан кім аман алып қалғанын әкем осылай өмір бойы білмей өтті.
Алла тілегін орындап, әкем 85 жыл өмір сүрді, отбасын құрып, балалар көрді, немере-шөберелер сүйді. Ақжарқын, әзілқой әкем өмірді қатты сүйетін және бізге де өмірді, оның түрлі кезеңдерін, тіпті, ауа райының өзін де сүйе білуге үйретті. Нәсіліне, ұлтына бөлмей, барлық адамды бірдей сыйлауға, бағалауға баулыды. Сүйікті әкем туралы айта берсем, сөзім таусылмайды».

Бораншиевтің соғыста алған жарақаттары туралы сөз болғанда кенже баласы Азамат Көшербайұлы былай дейді:
«Венгрия жерінде соғысып жүргенде әкем басына оқ тиіп, қатты жараланады. Оқиға былай болған екен. Әкемнің басшылығымен солдаттар тереңдігі екі метр окоп қазып жатады. Перископ болмағандықтан, сатыға шығып, айналаны қарап шығу қажет болады. Қасындағы жауынгер жолдасының ескертуімен ба- сына каска киген әкем сатыға шығып, айналаға қарай бергенде, зың етіп каскаға тиген оқтың дыбысын естиді. Арғы жағы есінде жоқ, госпитальда ғана ес жинайды. Жау мергенінің оғы каска жұлдызының сынығымен бірге басына қадалған екен. Әрине, оқ госпитальда қолма-қол алынады, ал жұлдыздың сынығы әкемнің басында екі жыл жүреді. Тек 1947 жылы ғана Венгрия госпиталінде ота жасалып, жұлдызша сынығы алынып тасталады»

Үлкен махаббат иелері Көшербай мен Бәтима Бораншиевтардың отбасында төрт ұл, алты қыз бала өмірге келеді, жақсы азаматтар болып өседі. Олар: Бақыт-1950 жылғы, Гүлбақша-1952 жылғы, Мақсұт-1954 жылғы, Мәрияш-1957 жылғы, Меруерт-1960 жылғы, Бейбіт – 1962 жылғы, Талғат – 1965 жылғы, Надира -1967 жылғы, Азамат – 1971 жылғы.
Бақытты әке болып, балаларының қызығын көрген, 21 немере, 18 шөбере сүйген Көшербай Әбжанұлы 2007 жылы Екібастұз қаласында қайтыс болды.

Көшербай Әбжанұлы мен жұбайы Бәтима Мәжкенқызы
Зарегистрируйтесь, чтобы опубликовать страницу!
Сайтқа бетті жариялау үшін тіркеліңіз!