Әжімжанұлы Зада – 1923 жылы 15 маусымда Павлодар облысы Лебяжье (қазіргі Аққулы) ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Анасының есімі – Меруерт. Негізі бұл кісілер – бес ағайынды. Үлкені – Махамбет, ол кісіден кейін қыз бала – Қорлан және ұл бала – Зада, Зияда, ең кішісі –Қорзапран – қыз бала. Әкелері Әжімжан үлкен имам, молда болған кісі, балаларды оқытқан. 1932 жылдары халық жауы деп Павлодар облысы Беген ауданының түрмесіне жабылған. Сол түрмеден Махамбет алып шығып, Алтай өлкесіне қарай қашқан. Түрме дегені ескі бір үй, — дейді. Алтай өлкесінің Ащы көл деген жеріне барған, сол көлдің басына барған соң, қайтыс болып, сол жерде жерленген. Сонда басына үлкен тас қойып кетіп едім,- деп 1986 жылдары Махамбет марқұм айтып отыратын.
Ал енді Задаға келетін болсақ, бұл кісілерді үкімет (яғни, 4 баланы) Павлодардағы балалар үйіне тапсырады, кейіннен Ресейден келген соң Махамбет екі баланы (Қорлан мен Заданы) балалар үйінен ұрлап алып шығады. Ал, екі бала балалар үйінде қалады, Зияда мен Қорзапран. Өйткені олар кіші болған. Кейіннен заман түзелгеннен кейін іздеу салады, таба алмайды. Осы күнге дейін олардан хабар жоқ, бұл дүниеде бары, не жоғы да белгісіз. Қорлан мен Зада өсіп ержетіп екеуі де отбасын құрады. Қорлан Қасен деген ер азаматқа күйеуге шығады, балалы-шағалы болады. Бұрынғы Павлодар облысы Бесқарағай ауданының Қоянбай ауылында тұрған. Зада Ұлы Отан соғысына дейін Жаңа-Талап ауылында «загатовитель» болып жұмыс істеген, Комсомол секретары болған. Шакар деген қызға үйленіп отбасын құрған, ол кісіден құрсақ болмаған. 1942 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылған, 327 полкта қатардағы атқыш болған, Украин майданына қатысқан. 1943 жылы 13 тамызда неміс фашистерінің снаряды жарылып, жарықшағы аяғын жаралаған және басынан кантузия алған. Госпитальда жатып емделіп шыққан соң, қайтадан қатарға қосылып екінші рет соғысқа аттанған. Сол сұм соғыста не бір қиыншылықтарды көрдік деп айтып отыратын марқұм әкем. «Бірде Украина аумағында қоршауда қалып, 10 шақты күн тығылып жаттық. Оқ-дәріміз бен азық-түлігіміз де біткен. Күз айы болатын. Күндіз орманға тығылдық» — дейді. – Жақын маңда Украинаның бір деревнясы тұрды. Түнде сол деревняға барып қазылмай қалып қойған картошканы қазып алып келіп, үсіген картошканы каскаға су құйып, соған пісіріп жедік» — деп айтып отыратын.
Әскер қатарынан 1947 жылдың 15 тамызында босатылған. Елге оралғаннан кейін 1948 жылы Зарқан деген келіншекке үйленген. Сол кісімен өмірден өткенше бірге өмір сүрген.
Зада 1993 жылы 70 жасында дүниеден өтті. 10 шақты перзент сүйген. Сол балалардың төртеуі кішкентай кездерінде шетінеп кеткен: Мырзабек, Ануарбек, Меруза, Ұлболсын. Қалған алтауы ер жетіп әр қайсысы өз отбасыларын құрған. Алтаудың екеуі ұл бала, төртеуі қыздар: 1963 жылы 11 ақпанда Серікболат, 1966 жылы 28 наурызда Манарбек деген ұлдары дүниеге келген. Енді Заданың жұбайы Зарқан анамыз туралы айта кетейік. Анамыз «есейіп ес білгеннен жұмыс істеп қиыншылық көріп өстік» деп айтып отыратын, Соғыс кезінде тылда еңбек майданында жеңіске жету жолында еңбегі сіңген.
Кейін айтып отыратын: «өгіз-арбамен «Загатзернаға» астық тасыдық» деп. Қоянбай ауылынан Лебяжьеге дейін 150 шақырым, Семияр ауылына 120 шақырым. Ресейдің Михайловка ауданына 60 шақырым. Бұл кісілердің көрмеген қиыншылықтары жоқ. Кейін заман түзелгеннен кейін, жасаған ерең еңбектері үшін медальдармен марапатталған. Бұл кісілердің үлкен қыздары 1949 жылы туылған есімі – Бағила, қазіргі уақытта Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұрады, бұйыртса, бір-екі жылдың ішінде елге, Отанына ораламын деген ойы бар.
Екінші қыздары – Замила 1952 жылы туылған Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында тұрады.
Үшінші қыздары – Бақыт 1956 жылы туылған Астана қаласының маңында Көктал ауылында тұрады.
Төртінші қыздары – Сұлубаршын 1958 жылы туылған Семей қаласында тұрады.
Ұлы Серікболат 1963 жылы туылған, Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Қоянбай ауылында әкесі Заданың шаңырағында тұрады. 1987 жылы ауылдың тумасы Айман Жұматайқызымен отбасын құрған, екі қызы бір ұлы бар:
Үлкен қызы – Анар 1989 жылы туылған, ШҚО Бесқарағай ауданы Бесқарағай ауылында тұрады, жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған, қазіргі уақытта Бесқарағай колледжінде кадр бөлімінде жұмыс жасайды. Тұрмыста үш баласы бар: екі қыз бір ұл, жолдасы – Ернұр білім бөлімінде жұмыс істейді.
Кіші қызы – Жанар 1991 жылы туылған. ШҚО Бесқарағай ауданы, жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған, қазіргі уақытта Бесқарағай ауылында Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектепте информатика пәні мұғалімі болып жұмыс атқарады. Тұрмыста үш баласы бар: екі қыз бір ұл, жолдасы – Азат білім беру бөлімінде қызметкер.
Ұлы Арман 1997 жылы туылған, ШҚО Бесқарағай ауданы Бесқарағай ауылында тұрады. Жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған. Қазіргі уақытта Бесқарағай ауданыңдағы «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде» бапкер. Жеңіл атлетикамен айналасады, әр түрлі қашықтықта талай марафондарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 10, 21, 42 шақырымдарға жүгіреді, Астана, Павлодар, Өскемен, Семей, Баянауыл, Ақсу, Риддер қалаларында жарыстарға қатысты.
Заданың кенже ұлы – Манарбек Семей қаласында тұрады, 1994 жылы Беген ауылының тумасы Ғалия деген келіншекпен отбасын құрған, екі қызы бар. Үлкені – Балнұр Астана қаласында медицина қызметкері, тұрмыста, екі баласы бар. Кіші қызы – Дильназ жоғарғы оқу орнында оқиды.
Әжімжанның үлкен ұлы – Махамбет әкесінің шапан астарына тығып ұстаған құран кітабін өзі дүниеден өткенге дейін сақтап келген. Махамбет 1997 жылы 94 жасында дүниеден өткен. Махамбеттің қызы Тоқташ қажылыққа барған, емшілік қасиеті болған. Соның арқасында талай адамдарға көмегі тиген. Махамбеттің қызы – Тоқташ 2008 жылы тамыз айында дүниеден өткеннен кейін, сол кісінің кітаптарының арасынан құран кітапты тауып алдым. Ата-бабадан қалған мұра деп ойлаймын».
Зада ұлы Серікболат.