«Ерлік елге мұра – ұрпаққа үлгі»
Әкеміз Асылқанов Рақым – 1912 жылы 15 тамызда Павлодар облысы Лебяжі ауданы шағын Төсағаш ауылында ауқатты отбасында дүниеге келді. Руы – Тәуке (Көстен).
Әкеміз көзі ашық, сауатты адам болған. Төсағаш ауылына мектепті бітіріп, Семей қаласындағы педагогикалық училищесінде оқыған.
Бос уақытында радио тыңдауды газет-журналды оқығанды ұнататын.
Көп сөзі жоқ, ақылды, сабырлы, кішіпейіл, адамгершілігі мөл, елге сыйлы адам болатын.
1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысып, елін, жерін жаудан қорғап, еліне аман-есен оралады.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медальдары мен
«Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Әкеміз соғыс туралы айтуды ұнатпайтын. Сұрағанда «Енді соғысты көрсетпесін» деп қысқа қайыратын. Соғыстан 1947 жылы оралып, еңбекке араласады. Ауылында бастауыш сыныпта ұстаз болып қызмет етеді.
Бейбіт өмірді анамыз Зурашпен шаңырақ көтеріп, үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Сөйтіп, үлкен тату-тәтті шаңыраққа айналды.
Анамыз соғыс кезінде тылда Қызыл-ту колхозында еңбек етті. Еңбегі үшін «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Артынан әкеміз астық дайындау комбинатында кассир қызметін атқарды да, сол жерден зейнет жасына дейін еңбек етті.
Ұрпақтары: Қадыр (1950 ж.), Қойша (1954 ж.), Нұрғайша (1957 ж.), Балғайша (1960 ж.), Гүлғайша (1964 ж.), Қанатпек (1966 ж.), Санатпек (1970 ж.).
Қазіргі уақытта ұрпақтары тамырларын туған жерде тереңге жайып, әр салада еңбек етіп, немере-жиен сүйіп отыр.
Әкеміз 84 жасында Қазантай ауылында дүниеден озып, туған ауылында жерленді.