Тұрсын Кәрімқызының естелігінен: «Әкем Кәрім Қасенұлы Асылбеков 1907 жылы Павлодар облысы қазіргі Ақсу ауданының 6-ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Руы Қаржау. Оның ішінде Бекарыстан. Әкесі Қасен 1916 жылы қайтыс болып, анасы Қаржаудың Тәметек руынан шыққан Асылбек Сәдірбайұлына тұрмысқа шығады. Сондықтан оның фамилиясы тоғыз жасынан тәрбиелеп өсірген екінші әкесінің атымен Асылбеков болып, жазылып кеткен.
Ол ауыл молдасынан сауат ашқан, төте жазуды меңгерген, латын әріпін танитын, оқып-жаза алатын сауатты болды. Бірақ тұрмыс тауқыметімен оқу, білімін жалғастыра алмады. Отбасын асырау үшін әкесінің жолдастарына еріп, ересек адамдармен Қалқаман көлінен тұз тартып, еңбекке ерте араласып кетеді.
1927-1928 жылдары байларды кәмпескелеп, елді колхоз- дастыру науқаны басталған кезде халық ауыл-ауыл болып, Қазақстаннан қаша бастайды. Қазақтың «малдан айрылуы – жаннан айрылу» екенін түсінген алтыншы ауыл Қаржауларының шағын көші бір түнде Алтай өлкесіне көшіп кетеді. Кеңес өкіметі қашқындарды ұстап алса, ауылдарына қайтарып, жазалайтынынан қорыққан Қаржаулар ол жерде көп тұрақтай алмай, Новосибирь арқылы Кемеров облысына өтіп кетеді. Мақсаттары – атақты Кузбасс көмір шахталарына жетіп тоқтау, жұмысқа орналасып, біраз уақыт бой тасалап, әліптің артын бағу.
Кәрім інісі Шонай екеуі басқа да туыстарымен шахтаға жұмысқа түседі. Інісі екеуі запальщик болып еңбек етеді. Міндеттері – қатпар- қатпар орналасқан көмірді оқ-дәрі қойып, жару. Жарылмай қалса, оның себебін анықтап, қайта жару. Бұл адам өміріне қауіпті жұмыс болатын.
Шахтерлерге берілетін азық-түлік паектарымен Қаржаулар отбастарын асырап, естерін жинай бастайды. Осылай, олар жиыр- масыншы жылдары басталып, 1931-1933 жылдары қайталанған нәубеттен, Қазақстандағы алапат аштықтан, қырылып кетуден аман қалады. Бірақ шахтада үлкен жарылыс болып, көп адам, олардың арасында інісі Шонай да бар, қаза табады. Кәрімді анасы Сәлимаш жылап отырып, шахтадан шығарып алады. Сондықтан отызыншы жылдардың ортасында әкем Павлодар қаласына көшіп келеді. Қалалық Бас почтампқа жұмысқа орналасып, Ұлы Отан соғысы басталғанша сол жерде еңбек етеді.
1942 жылдың қаңтар айында әкем соғысқа аттанады. 1-Белорус майданында 88 гвардиялық атқыштар дивизиясының 269 гвардиялық полкының құрамында Одесса, Кишинев, Ровно қалаларының түбінде, Днепрден өту жолында қанды қырғындарға қатысады. Украина, Молдавия, Белоруссияны жаудан азат етеді. Венгрия, Чехословакия, Польша, Германия жерлерінде шайқасады, талай рет түрлі жарақаттар алады.
1945 жылдың 2 мамырында Берлин қаласы үшін болған ұрыста ауыр жараланып, 2-топтағы соғыс мүгедегі болып, елге оралды. Гвардия аға сержанты Асылбеков Кәрім төрт жыл соғысқан кездерінде «Даңқ», «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «За отвагу», «За боевые заслуги», «За освобождение Варшавы», «За освобождение Праги», «За взятие Берлина», «За победу над Германией» медальдарымен марапатталып, Сталиннің алғыс хаттарын алды.
Бейбіт өмірде түрлі жұмыстар істеп, зейнетке шықса да, еңбектен қол үзбеді. Ол кісі қиссадастандарды жатқа айтатын, Қаржау шежіресін жақсы білетін. Қонаққа келген Қабиден Жұмабеков, Қаби Тоқашұлы, Мансұр Әбдіғалымұлы, Садық Медеуұлы сияқты інілеріне Қаржауларды таратып, кімнің қалай туыс болып келетінін түсіндіріп отыратын. Риза болған бұл адамдар әкемді сыйлап, «ағалап» тұратын.
Әкем шежіре туралы сөз қозғағанда Қаржаудың аз екенін үнемі айтып отыратын. Әулеттің жалғыз ұлы болып қалған туыстарының әйелдері өмірге ұл әкелсе, сәбилері көбейсе, балаша қуанатын.
«Алтын құрсақты» Рәзия Қапескеліні, Қорлан Әбдіғалымкеліні сияқты келіндерін жақсы көріп, өмірде сыйлап, бағалап өтті. «Олар інілерім Садық пен Мансұрдың бір басын 7-5 қылды ғой!» — деп, сүйсініп отыратын.
1990 жылы соғыс және еңбек ардагері Кәрім Қасенұлы Асылбеков 83 жасында Павлодар қаласында қайтыс болды».

